среда, 8 июля 2009 г.

Қырғызстандағы президенттік сайлау

Бүгінде Қырғызстандағы президент сайлауына үгiт-насихат жұмысы қызу жүріп жатыр. Президент орынтағына үмiткерлер қатары әу баста 22 адамды құраса, ресми тiркеу мен заң талаптарына сәйкес (мемлекеттiк тiлден сынақ, қолдаушы 50 мың адамның қолы және т.б.) барысында Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы 6 кандидатты ғана ресми додаға жiбердi. Олардың қатарында қазiргi кездегi мемлекет басшысы Құрманбек Бакиев, бiрiккен қырғыз оппозициясының өкiлi Алмазбек Атамбаев, белгiлi нарколог-дәрiгер Женишбек Назаралиев, «Ақ Шумкар» партиясының төрағасы Темiр Сариев, «Жомарт» патриоттық қозғалысының көшбасшысы Нұрлан Мотуев және жалғыз әйел үмiткер, құқық қорғаушы Тоқтайым Үметалиева бар. Осы ретте ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стартегиялық зерттеулер институтының мамыны, саясаттанушы Алмас Арзықұлов жолығып, көрші елде болатын сайлау жайында пікірлесіп едік.


- Қырғызстанда Президент сайлауының үгіт-насихат жұмыстары ресми түрде басталды. Саяси бәсекеде қайсы үміткердің бағы жануы мүмкін? Жалпы көрші елдегі сайлаудың сипаты қай бағытта өрбуі мүмкін?
- Сайлау нәтижесi мен саяси бәсекеде кiмнiң жеңiске жететiнi қырғыз елiндегi билiкке таластың өзiндiк ерекшелiгiн көрсетiп бертіні анық. Сондықтан бұл ретті істің ақырын күткен абзал. Ал сайлауда кімнің бағы жанады деген сұраққа тұспалдап жауап беруге болады. Қырғызстандағы әріптестеріміз президент сайлауында Құрманбек Бакиевтiң жеңiске жететiнiне күдік келтіріп отырған жоқ. Мұны өзге үмiткерлер де жақсы түсінеді. Олардың бұл сайлаудағы негізгі мақсаты – дауыс жинау жағынан екiншi орынды иемдену болып отыр. Соған қарамастан, олар «жанр заңы бойынша» қазiргi таңдағы халықтың үмiткерi мен таңдауы өздерi екендiгiн талмай айтуда. Бұл жолғы сайлаудың тағы бiр ерекшелiгi Қ.Бакиевтiң екiншi мерзiмге сайлануынан кейiн, билiкке таластың тоқтамай, белең алтындығында. Президент сайлауынан кейiн Қырғызтанды парламент сайлауы күтiп тұр. Жоғарғы Кенеште басымдылықты иемденген президенттiң «Ақ Жол» өзiнiң мүмкiндiгiн толығымен сарқып болды. Президенттiк сайлауда екiншi орынға табан тiреген үмiткер болашақ парламентке өзiнiң партиясын (немесе өзi басқаратын қозғалысты) «тартуына» мүмкiндiк алады.
Тағы бiр айта кететiн жайт, Қ. Бакиевтiң денсаулығына қатысты мәселе. Президент бұл мәселеге қатысты әңгiмелердi жоққа шығарғанына қарамастан, бұл тақырып қырғыз қоғамында қызу талықылануда. Сол себептi Қ. Бакиев мерзiмiнен бұрын президент сайлауын өткiзiп, өз мұрагерiн қалдыруға асығып отыр деген сыбыс бүкiл елдi кезiп жүр.
- Мұрагер ретінде кімдердің аты аталып жүр?
- Қазіргі таңда Қырғызстанда Қ. Бакиевтің мұрагері ретінде бірнеше туған-туысқандарының аты аталады. Олар Президент күзетi қызметiнiң қазiргi төрағасы Жаныш Бакиев (көзiнiң түсiне қарай қырғыз саясатының сұр кардиналы және елдiң нақты билеушiсi деп айтылады) пен мемлекет басшысының тағы бiр бауыры, Германиядағы қырғыз елшiсi – Марат Бакиевтiң есiмiн ерекше атап өтуге болады. Президент сайлауында мемлекет басшысының қолдау штабын басқарып отырған ұлы – Максим Бакиевтің де ел басқарудан дәмесі бар. Қырғызстанда М. Бакиев пен Ж. Бакиевтiң мемлекет басшысына ықпал жайында аңызға бергiсiз әңгiмелер айтылады. Қазiр Бакиевтер бiр саяси мақсат үшiн еңбек етуде. Әзірше билік үшін талас басталған жоқ. Жалпы бұл жағдайдан Бакиевтер әулетiнiң алдағы уақытта билiктi уысынан шығармайтынын аңғаруға болады.
- Президент сайлауына қайта оралсақ. Қазіргі таңда қырғыз қоғамында саяси бәсекеде екінші орынға оппозицияның Бiрiккен халық қозғалысы кандидаты Алмазбек Атамбаевтың бағы жанады-мыс деген жорамал айтылуды. Сіздің ойыңызша, А. Атамбаевтың мүмкіндігі қаншалықты?
- Иә, көптеген сарапшылар мен саясаткерлер екінші орынға Бiрiккен халық қозғалысы (БХҚ) атынан түскен үмiткер Алмазбек Атамбаевқа бұйыратындығын айтуда. А. Атамбаев өз бақылауындағы БАҚ арқылы президент тобына көп қиындықтар туғызуы мүмкiн. Осы ретте А. Атамбаевтың беделiне дақ түсiретiн бiр жайт бар екенін айта кетуіміз керек. Оның халық алдындағы басты айыбы Қ. Бакиев билiкке келгенде «техникалық премьер» рөлiн ойнағаны болып тұр. Бұл жағдай соңғы төңкерiстiң алдындағы 2007 жылдың көктемде Қ. Бакиевтiң билiктен кетуiн талап еткен оппозиция мен билiктiң текетiресi кезеңiнде орын алған болатын. Мiне, осы кезеңде А. Атамбаев өзiнiң жақтастарын таң қалдырып (қырғыз истеблишментi үшiн қалыпты жағдай) премьер орындығында 8 ай отырғаны есiмiзде. Осылайша, А. Атамбаев билiкпен келiсiмге келетiн иiлгiштiгiн байқатып алды. Мұны ескерген электораттың бiраз бөлiгi сайлауда оппозициялық үмiткерге дауыс бермеуi мүмкiн. Оның үстiне қарапайым халықтың төңкерiстен әбден шаршаған. Қазiргі таңда қырғыздардың оппозицияның радикалды шараларына қатысты көзқарасы өзгерген деуге толық негіз бар.
Сонымен қатар, Атамбаевты бiрiккен оппозицияның бiр ғана өкiлi деп тану қателiк. Өйткенi, БХҚ-нан бөлiнiп шыққан «Ақ Шумкар» партиясының төрағасы Темiр Сариев жеке үмiткер ретiнде тiркелген. Әрине, қырғыз оппозициясы өзiнiң әлсiздiгi мен халық арасындағы беделiнiң жоқтығын мойындайды. Сондықтан да, сайлау басталмастан оппозиция доданың заңсыз, бұрмалау арқылы өтетiндiгiн жариялап қойды. Қ. Бакиевтiң тек 20 пайыз дауысқа ие болатындығын жар салды.
Бiрiккен оппозицияның атынан сайлауға түсiп отырған А. Атамбаевтың кандидатурасы тиiмсiз екендiгiн саясаткерлер сайлау науқанының басында-ақ айтқан болтын. Сайлау науқанына қажеттi қаржының табылмауы қырғыз оппозициясының негiзгi кемшiлiктерiнiң бiрi. Сондықтан бұл шараға қаржы тапқан А. Атамбаев бiрлескен оппозиция атынан үмiткер деп танылды. Бұл қаржыны А. Атамбаев өзiнiң кәсiбi бар Түркиядан тауыпты-мыс. Ал шын мәнiнде сайлауға қажеттi қаржының қайдан және қандай шартпен алынғаны туралы нақты дерек жоқ. Қаржының аяқ астынан және Қ. Бакиевке қарсы оппозиция үшiн табылғандығын ескерсек, Манас әуе жайындағы АҚШ әскери әуе базасы туралы мәселе ерiксiз есiңiзге түсе бередi.
- Қырғыз билігінің АҚШ әскерилерін «Манас» әуежайынан қууы елдің геосаяси жағына бірқатар өзгерістер әкелгені белгілі. Президенттік сайлау барысында Ақ үйдің саяси технологтары қарап жатпайтыны анық. Осы ретте Президенттік сайлаудың қырғыздар үшін геосаяси мәні қаншалықты?
- «Манас» әуежайындағы АҚШ-тың әскер әуе базасына қатысты мәселе Бiшкектiң Мәскеу мен Вашингтон арасындағы Азияға ықпал мен Қырғызтандағы президент сайлауына жаңаша реңк беретiнiн басы ашық әңгіме. Бұл жағдай ресми Бiшкектiң халықаралық сахнадағы орнын анықтағанмен, iшкi жағдайға керiсiнше әсер етуi мүмкiн. Өйткенi, президент орынтағына үмiткерлер сыртқы саясаттағы бұл жағдайды өздерiнiң сайлау науқандарында тиiмдi пайдалануға тырысатына белгiлi. Әсiресе, оппозиция атынан сайлауға түсiп отырған А. Атамбаев үшiн тиiмдi. Бұл сайлауда Қ. Бакиевтің жеңіске жететінін айттық қой. Дегенмен соңғы жылдары көрші елдің саяси өмірінде түрлі оқиғалар орын алды. Оның бір ұшы геосаяси жағдайларға барып тірелетіні айтпасада түсінікті. Мұны жақсы білетін қырғыз билігі сақтық шараларында ұмытпағанын айта кеткеніміз жөн. Саяси үрдiстер көрсетiп отырғанындай, жазда саяси белсендiлiктiң төмендейдi. Сол себептi қырғыз билiгi сайлауды шiлде айына әдейі белгiлді. Ал күзде әлеуметтiк шиеленiстiктер мен қаржы дағдарысы Қырғызстанды түрлi қиындықтарға тап қылуы мүмкiн. Қырғыз оппозициясы осы кезеңдi тиiмдi пайдалануы мүмкiн (бұл кезең парламент сайлауына тұса-түс келуi мүмкiн). Ал бұл кезде Қ. Бакиев сөзсіз сыртқы саясаттағы «жетiстiгiн» немесе 1 тамыздан зейнетақыны 50 пайызға көтергенiн бұлдап шыға келеді.
- Қырғыз оппазициясының қырық құбылатын жақсы білеміз. Оппозиция билікпен тағыда ауыз жаласып кетпей ма?
- Соңғы жылдары қырғыз оппозициясы кiмнiң билiкке сатылғандығы туралы таластан қолдары босамай келе жатқаны белгілі. А. Атамбаев осыдан екi жыл бұрын бар бәленi өзiнiң әрiпетесi Фелекс Куловқа артты. Ал қазiргi бiрiккен оппозияция «қашқын» Т. Сариевтi жамандауға кiрiскен. Ал, шын мәнiнде қырғыз оппозициясының кез-келген басшысы Қ. Бакиевтiң өзiне «сөз салып», артынан «мемлекеттiк астауға» шақыратынынан дәмелi. Бұл қырғыз истеблишментiнiң (тек қана қырғыз ғана емес...) өзiндiк ерекшелiгi. Оппозиция арасында А. Атамбаевқа нақты бәсекелес болатын жалғыз адам – ол Женшбек Назаралиев. Бұл үмiткер бұрындары мансапты орындарда отырмағандықтан, билiкпен де, оппозициямен де байланысы жоқ. Сондықтан да, ол өзiнiң электоратын қырғыз қоғамындағы саясатпен ауырмаған топтары (егер де ондайлар табылса) арасынан iздейдi. Ал Қ. Бакиев командасы өздерiнiң негiзгi қарсыласы болуы мүмкiн Атамбаев-Назаралиев-Сариев үштiгiн өзара қырқыстыру арқылы өздерiне жол ашуы мүмкiн.
Саяси сарапшылар бұл сайлаудың сөз жүзiнде ғана өтетiндiгiне сенiмдi. Мәселен, сайлау нәтижесi мен кiмнiң жеңiске жететiндiгенде ғана емес. Мемлекет басшысын сайлауға қатысты бұл науқанның ерекшелiгi – оның үмiткерлерiнiң құрамының әр түрлiлiгi, өйткенi олардың iшiнде өзiндiк, жеке мақсаттарды көздегендер бар. Өкiнiштiсi ел iшiндегi объективтi саяси жағдайға сай сұрыпталып шыққан үмiткер жоқ деуге болады.
Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН

пятница, 3 июля 2009 г.

Жасампаз - Жапония


Бәсекеге барынша қабiлеттi бес елдiң қатарынан ойып тұрып орын алатын Жапония бүгiнде көпшiлiк назарын өзiне аударып, жұрттың таңдай қақтыруда. Барынша дамыған елу елдiң қатарына кiруге талпынған Қазақстанның Жапониядан үйренерi көп. Қазір Жапония жоғары технологиялар, машина жасау жағынан оқ бойы озық тұр. Бұл елде өмiр сүру деңгейi өте жоғары. Жапондар экономикалық қуаттылығы жағынан АҚШ-тан кейiнгi екiншi орынды иеленуде. Әлем елдерi Жапонияны табиғи ақыл-ойдың барынша дамыған мекенi деп таниды.
Тынық мұхитының солтүстiк - батыс бөлiгiндегi Шығыс Азия жағалауларында асау өзендер араларын ажыратып жатқан алып аралдар тобынынан құрайтын Жапонияның анау айтқандай табиғиа байлыққа бай мемлекет емес. Жапон жерi негiзенiн үлкен төрт аралдан тұрадыү Олар: Хонсю, Хоккайда, Сикоку және Кюсю. Бұл аралдардың сыртында жалпы көлемi 3500 шақырымға жететін шағын аралдары және бар. Шекаралық орналасуы жағынан оңтүстiк-шығысында Ресеймен, шығысында Оңтүстiк және Солтүстiк Корея елдерiмен әрi Қытаймен, солтүстiгiнде Сахалин және Куриль аралдарымен шектеседi. Кез келген көзi қарақты адам Жапонияда жер сiлкiнiсi жиi қайталанатынын жақысы бiледi. Сейсмологтар жыл сайын мың жарымнан астам жер дүмпуiн тiркейдi. Ал, қуатты жер сiлкiнiстері он жыл сайын қайталанып тұрады. Бұдан бөлек бұл елдi теңiз дауылы, яғни цунамилер де жиi мазалайды. Цунамилердiң биiктiгi 10 метрге дейiн жететіні белгілі.
Қазiргi таңда Жапониянда 127,33 млн. Адам өмiр сүруде. Осы ретте айат кетуiмiз керек дүниежүзi бойынша ұзақ жасаған қариялардың көпшiлiгi осы Күн шығыс елі. Ресми дерек көздерiне назар аударатын болсақ, ер адамдардың орташа өмiр сүру деңгейi 75 жастың шамасында, ал әйелдерінің көпшiлiгi 85 жасқа дейiн өмiр сүредi. Соңғы уақыттары жапондар тез қартаятын халықтың санатына қосылып отыр.
Жапон Конституциясы 1947 жылдың 3 мамырында қабылдаған. Ежелгi дәстүр бойынша елде монархиялық билiк сақталған. Мұраға берiлетiн императорлық тақ жоғарғы ақсүйек әулетiнiң заңды меншiгi болып табылады. Бұның сыртында жұрттың қамын жейтiн заң шығарушы билiк пен атқарушы билiк тағы бар. Бұл ел 47 префектурға бөлiнген, әрқайсының өзiн-өзi басқаратын жеке органы бар. Осы ретте айта кетуiмiз керек, Жапонияда жергiлiктi жерлердiң өзiн-өзi басқару қатты дамыған. Қазір жапаон халқы мұндай басқару жүйесiнiң жемісін жеуде. Осылайша олар экономикасын көтерiп, өзгелерге сара жол салып бердi. Конституция бойынша император жапон халықының мызғымаз бiрлiгi мен тұтастығының кепiлi.
Халқының 99 пайызы қалалы жерде өмiр сүретiн Жапонияның қазiр Жалпы iшкi өнiмi (ЖІӨ) 3,4 трлн. долларды құрап отыр. Осы ретте олар дүниежүзiлікi өндiрiстiң 14,3 пайзына қожалық ететiнiн айтсақ, оқырман экономикасының қаншалықты дамығанын өзі-ақ бағамдар. Сондай-ақ, бұл ел жұмыс орнының көптiгiмен де ерекшеленедi. Сатистикалық органдар бүгінде елдегi еңбек нарығы 67,11 млн. адамға арналған алға тартып отыр. Халықты жұмыспен қамту жағынан Жапония дүниежүзi елдерiн шаң қаптырып кеттi десе болады.
Мемлекет негiзiнен жеке кәсiпкерлерге арқа сүйегендiктен мұнда жеке тұлғаның мүддесi қатты қорғалады. Қазiргi таңда Жапонияның өзге елдермен қарым-қатынасы өте жоғарғы деңгейде дамыған. Олар қазiр 44,7 трлн. иендi экспортқа салып, пайда таубуда. Жапондар көлiк пен түрлi жабдықтар құрастыруда, тұрмыстық техникалар мен компьютер шығаруда, химиялық талшықтар мен мұнай өңдеу және электр қуатнын өндiруде ешкiмге дес берер емес. Бiрақ жапон эконмикасы сыртқы жағдайға қатты тәуелдi. Олар өздерi өндiретiн тауарларға қажеттi шикiзатты бәрiн өзге елдерден тасымалдайды. Мәселен жапон халқы мақтаның 100 пайызын, бокситтiң 99,9 пайызын, мыстың 99,8 пайызын, мұнайдың 99,7 пайызын, темiрдiң 99,7 пайызын, көмiрдiң 81,8 пайызын шетелден тасымалдауға мәжбүр. Ал экспорттың 74,4 пайызын көлiк пен түрлi жабдықтар, 7,8 пайызын металл өнiмдерi, 20,4 пайызын мұнай химиясы, 14,7 пайызын азық-түлiк өнiмдерi құрайды. Олар көбiнде өздерiне қажеттi өнiмдерiдiң басым бөлiгiн АҚШ, Австралия, Канададан тасымалдайтыны мәлім. Тағы бір айта кететін жайт, жапондар дүниежүзiнде теңiз тағамдарын тұтынатын елдер арасында бiрiншi орында. Олар жылына 12 млн. тонна теңiз тағамдарын жеп ұзақ жасап отырған жайы бар.
Жапон экономикасының қарыштап дамуына елдiң қаржы жүйесі айрықша ықпал етуде. Қазір дүниежүзiндегi банк активтерiнiң 40 пайызы жапондық банктердiң еншiсiнде. Қарапайым халыққа түсiнктiлеу етіп айтсақ, дүниежүзiндегiң ең iрi он банктың қатарына Жапонияның алты банкы бар. Бұл қаржы құрылымдары жүниежүзiлiк инвестицияның 11,7 пайызын уысында ұстап отыр. Инвестицияның негiзгi бөлiгi Солтүстiк және Оңтүстiк Америка елдерiне, Шығыс және Оңтүстiк-шығыс Азияға бағытталған. Ол елдердiң қатарында бiздiң Қазақстан да бар. Мәселен, күнi бүгiнге дейiн Жапония тарапынан Қазақстанға тартылған қаржы көлемi қомақты. Жапон үкiметiнiң «Дамуға ресми көмек» бағдарламасының негiзiнде 88,8 млрд. иен несие берiлсе, 4,5 млрд. иен гранттық көмек көрсетiлген. Елiмiзде жапондық қаржыға салынған құрылыстар жеткiлiктi. Олардың қатарында Қазақстан мен Қытайды жалғастыратын Достық-Алшаңқай бағытындағы темiржол құрылысы, Семейдегi Ертiс өзенiнiң үстiне салынған аспалы көпiр, Астана әуежайының қайта жабдықталуы, Батыс Қазақстан облысындағы көлiк жолдарының күрделi жөндеуi, Астана қаласының ауыз су құбырларын жаңғырту сияқты жобалар бар.
Күн шығыс елiнде "экономикалық реформасыз эксномикалық даму жоқ" деген қанатты сөз бар. Сондықтан Жапония дүниежүзiнде экономикалық реформаға жиi баратын бірден-бір ел.
Қазiргi таңда бiлiм мен ғылымға арқа сүйеген елдердiң бағы жанып, айдарынан жел есiп тұрғаны баршаға аян. Бұл ретте жапондықтар бiлiм беру iсiне айрықша көңiл бөлiп отыр. Жапонияда 425 жеке меншiк университеттердi қосқанда барлығы 600-ге жуық университет бар. Ең беделдi оқу орындары қатарына Токио (1877 жылы құрылған, 11 факультеттен тұрады), Киото (1897 жылы құрылған, 10 факультетi бар) және Осака университетi (1931 жылғы, 10 факультетi бар) жатады. Жоғары бiлiм беру жүйесi төрт түрлi оқу мекемелерiнен тұрады. Олар: толық циклды университеттер төрт жылдық, жеделдетiлген циклдi университеттер екi жылдық, кәсiби колледждер және техникалық институттар. Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы орнаған. Осы жолы Елбасы Нұрсүлтан Назарбаев Жапонияға үшінші сапарын жасауда. Қазірекі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығы ойдағыдай дамып келеді. 2007 жылы екіжақты тауар айналымының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 54,5 пайызға (1,1 млрд. доллар) артып, 1,7 млрд. долларды құрады.


Нұрлан Жұмахан

АҚШ-ты мұсылман елдерін үлгі тұта ма?

Жуырда АҚШ президенті Барак Обама Таяу Шығысқа жасаған іс-сапары барысында мұсылман елдеріне қатысты жылы пікірі айтты. Ол ВВС тілшісіне берген сұхбатында «бұл іс-сапар АҚШ пен мұсылман елдерінің жаңа қарым-қатынасының бастауы болып табылады» деп атап өтті.
Обаманың айтуынша, демократиялық құндылық, сөз бостандығы, дін еркіндігі сияқты ұғымдарды мұсылман елдері мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасын нығайтатын құрал ретінде қарастыратынын мәлім етті. Өз кезегінде Барак Обама АҚШ өз құндылықтары мен мәдениетін басқа елдерге насихаттап, күштеп таңбайтындығын тілге тиек етті. «Әрине, біздің мемлекет құрудағы іс-тәжірибелеріміз көптеген елдерге үлгі бола алады. Әлем халқы қандай қиыншылықтарды бастан кешсе де, ортақ адами құндылықтардан аттап кетпеуі керек» деді.
Таяу Шығыстан кейін Барак Обама Сауд Арабиясына ат басын бұрып, королі Абдалла Абдель Азизбен кездесті. Екі елдің басшылары жүздесуде Таяу Шығыс және лаңкестікке қарсы күрес мәселесін сөз еткен.
Нұрлан Жұмахан

Жер сатсаң басың кетеді

Жақында Палестинаның әскери трибуналы Израильдің ірі компаниясына жер сатқан ер адамды өлім жазасына кесті. Палестинада Израиль азаматына жер сатқан адамды өлім жазасына кесетін арнайы заң бар.
Палестина заңы бойынша Израиль азаматына жер сату мемлектке опасыздық жасағанмен тең. Мұндай кезекті оқиға Хеврон қаласында орын алғаны белгілі. Екі сағатқа созылған сот процессі жабық есік жағдайында өтіп, айыпкер өлім жазасына кесілген. Сот орындаушылары айыпкерге өз меншігіне жатпайтын бөтен адамның жерін жалған құжатпен сатты деп айып таққан. Соттың кескен жазасы Палестина автономиясының басшысы Махмұд Аббастың өлім жазасына қарсы жариялаған уақытша мараторийынан кейін жүзеге асуы мүмкін. Оған дейін айыпкер абақтыда жазаның орындалуын күтеді.

Нұрлан Жұмахан

Індет

27 сәуір күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңадан пайда болған доңыз тұмауынан әлем халқын сақтануға шақырды. Олар доңыз тұмауының таралу мүмкіндігі қауіпті «алтыншы деңгейге» аяқ басқанын мәлім етті.
«Алтыншы деңгей» деп індеттің адамнан адамға ауа арқылы жұғуын атайды. Дүниежүзідік денсаулық сақтау ұйымы 1968 жылы «Гонконг тұмау» бас көтергенде дабыл қағып, жер шары тұрғындарын сақтануға шақырғаны есімізде. Сол кезде «Гонконг тұмауынан» дүниежүзінде бір миллионға жуық адам мерт болғаны белгілі.
Қазіргі таңда Мексикада 149 адамның доңыз тұмауын жұқытырып, мерт болды. Бұдан басқа АҚШ-та 45 адам, Канда да 6 адамның аталмыш дертке шалдыққан. Дүниежүзінің барлық елдері Мексикадан келген адамдарды толықтай тексеруден өткізіп жатыр. Бұдан бөлек Мексикада дүниежүзі елдерінің дипломатиялық өкілдіктері өз жұмыстарын уақытша тоқтатты. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун «Мұндай қиын кезеңде әлем халқы сабырлы болуға шақырамын» деп мәлімдеді. Ол мамандар індетке қарсы вакцина ойлап табатынына сенім білдірді.
Нұрлан Жұмахан

Банк құпялығының күні өтті

Үстіміздегі жылдың басында АҚШ пен ЕуроОдақтың бірқатар елдері оффшорлық аймақта орналасқан қаржы институттары бақуатты адамдардың салықтан жалтаруға жағдайжасап отырғанын сынға алғаны есімізде. Бұл ретте Ақ үй ел аумағында Швейцарияның ең ірі USB Банкінің жұмыс істеуіне қатысты мәселе көтерген болатын. Амалы таусылған банк басшылығы салықтан жалтарған деген бірқатар клиенттерінің есепшотын АҚШ-тың құзырлы орындарына ашып бергені белгілі. Бүгінде салықтан жалтарып, көлеңкелі экономиканың өрістеуіне жол ашқан миллионерлердің жазаға тартуға белсене кіріскен АҚШ-ты ЕуроОдақ елдері де қызу қолдауда.
Сәуір айының басында өткен «Үлкен жиырмалықтың» кезекті саммитінде Бразилия президенті Инасиу Лула да Силва басқосуға жиналған дүниежүзі лидерлерінің алдында банктік оффшорлар мен «салықтық жеңілдіктер» туғызуға қолайлы мемлекеттермен күресуге шақырғаны есімізде. Ол оффшорлық аймақтардағы жасырын қаржының салдарынан ғаламдық қаржы жүйесін бақылау мүмкін болмай қалғанын алға тартқан-ды. Бразилияның басшысы өз сөзінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы банктік оффшорлар арқылы 11,5 трлн. доллар көлеңкелі экономикаға қызмет еткенін анықтағанын мәлім еткені белгілі. Әрине, қаржы жүйесінде айрықша маңызға ие банктерге бақылау орнату Базель келісіміне қайшы. Дегенмен миллиардтаған қаржы экономикалық көпіршіктің пайда болуына бағыттау түсінген адамға кешірілмес күнә екені белгілі.
Швейцария билігі елді асырап отырған банктерге АҚШ алғаш рет шүйліккенде бәлендей қарсылық танытпағаны белгілі. Қайта Лихтенштейн корольдігі өз банктерін қызғыштай қорғап, қаржы институттарының іс-әрекетін өзге елдердің тергеп-тексеруіне жол бермейтіндіктерін мәлімдеген болатын. Таяуда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы оффшорлық аймақтардың тізімін тқрткүл әлемге жария етті. Ұзын саны 40 жететін елдер мен әкімшілік аудандардың белортасында ортасында Швейцарияның тұруы ресми Женеваға тосын сый болды. Бұған жауап ретінде Швейцария ұйымға мүше 30 ел мен ұйымның 136 мың еуросы сақтаулы жатқан есепшотын жауап тастады. Олар бұл ретте ағылшын-нормандарға қарасты Джерси және Гернси аралдары оффшорлық аймақтар қатарынан тыс қалғанына нарзы болып отыр.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымның паймдауынша, салықтан жалтаруға қолайлы оффшорлық аймақтар төмендегідей. Олар Швейцария, Британияның жеке әкімшілік аймақтары, Андорра, Багама қауымдастығы, Бахрейн корольдігі, Гибралтар аралдары, Доминики қауымдастығы, Кипр Республикасы, ҚХР-дың Гонконг, Макао сынды әкімшілік аудандары, Лихтенштейн кінәздігі, Маврикий Республикасы, Малайзияның Лабуан аралы, Мальта Республикасы, Монтсеррат, БАӘ, Кайман, Кука аралдары, Панама Республикасы болып тізбектеліп кете барады. Бүгінде «қара тізімге» іліккен бірқатар елдер мен әкімшілік аймақтар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қаржы жүйесін қайта қарап, жариялықты қамтамасыз етуге уәде бері. Дегенмен, олардың ешқайсы нақты қандай қадамдарға баратыны жайында ләм-лим деген жоқ.
О баста Швейцария «қара тізімге» ілікпейтініне сенімді болғандай... Ұйымның алған бетінен қайтпайтынын білгеннен кейін Швейцария радикалдықадамғабарып отыр. Жыл басында ұймының атқарушы басшылығы Швейцария банк жүйесін ретке келтірмеген жағдайда «қара тізімге» ілігетіні алдын ала ескерткен болатын. Бірақ ғасырлар бойы «күдікті» ақшаларды жасырып, пайда тауып келген швейцариялық қаржы институттары ұйымның талабын қаперге алмады.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы оффшорлық аймақтармен күресін тоқтатпақ емес. Олар мұндай аймақтар қаржы дағдарысының қоздырғышы болып отырғанын алға тартуда. Алдағы уақытта тізімге іліккен мемлекеттер айтқанға көнбесе халықаралық қауымдастық экономикалық шектеулер жарялауы мүмкін. Банк құпиялығын жоюды мақсат тұтқан ұйымы тек күдік туғызған адамдардың есепшотынан мәлімет алуды заңдастыруды талап етуде. Райынан қайтпаған Швейцария жақында Ресейден шыққан миллиардер Виктор Вексельбергтің осыдан үш жыл бұрын жасаған келісімінде кеткен шикіліктерді анықтауға талпынған АҚШ-тың құзырлы орындарының бетін қайтарып тастады. Көптеген елдер қаржы дағдарысы кезінде Швейцарияның бұлайша тастай қатуын қатаңтүрде сынға алып жатыр.
Қазір АҚШ билігі екі қолын алдына салып, Швейцария қашан келісімге келеді деп күтіп отырған жоқ. Жақында АҚШ соты американ азаматы UBS банкімен сыбайласып, ірі көлемде салық төлеуден сытылып кеткенін анықтады. Нәтижесінде UBS банкі АҚШ-қа 780 млн. доллар көлемінде айыппұл төлейтін болды. Федеральді салық қызметі мемлекеттік төлемнен жалтарған мұндай ауқаттылардың саны 250 жететіндігін алға тартуда. АҚШ билгі UBS банкі күдікті есепшоттарды тексертпеген жағдайда ел аумағында жұмыс істеуіне тосқауыл қоятындығын айтқаннан кейін Швейцарияның банк қызметін тексеретін департменті (FINMA) дереу UBS банкіне күдікті есепшоттар туралы мәлімет беруге бұйрық бергені белгілі.
1934 жылы Швейцария федеральдік кеңесі банк құпиясын ашу құқықтық-қылмыстық мәні зор жағдай деп заңдастырған болатын. Заң бойынша клиенттердің құпиясы жария болса, Швейцарияда банк басшысынан бастап, есік алдындағы қарауылға дейін жауапқа тартылатыны белгілі. Бұл елде банк құпиясын сақтау либералды экономиканың айқын көрінісі болып табалды. Geneva Financial Center қорының мамандары Швейцария банктері өзінің құпиялығын жоғалтса, дүниежүзіндегі қаржы орталығы деген атағынан айырылатындығын алға тартуда. Қазір Швейцарияның банктері елдің жалпы ішкі өнімінің 12 пайызын құрайтыны белгілі. Ресми Женеваның мұндай май шелпектен айырылып қалмауға күш салатыны анық. Қазір дүниежүзіндегі банктердің бәрі Швейцариядан өздерінің филиалдарын ашуға құмар. Оларды елдегі банк құпиясының қатаң түрде сақталуы қызықтырады. FINMA мәліметінше, қазір ел аумағында өзге елдердің 140 банкінің бөлімшелері жұмыс істейді. Егер банк құпиялығына шектеу салынса швейцариялық банктер дүниежүзіндегі қаржының үштен біріне бақылау мүмкіндігінен айырылады.
Бүгінде швейцариялық банктерге АҚШ-тан басқа Фарнция мен Германия да қаһарын тігіп отыр. Жақында Фаранция президенті Николя Саркози «Швейцария салықтан жалтарушыларға нағыз жұмақ (fiscal paradise) мекен болып тұр. Сондықтан бұл елді «қара тізімнің» көшбасшысы деп атауға болады» деп ойын тіке айтты. Бұдан АҚШ пен ЕуроОдақтың жетекші елдері оффшорлық аймақтарымен күреске шындап кіріскенін байқаймыз. «Қара тізімнен» кейін бірқатар оффшорлық аймақтар тәубаға келе бастады. Алдағы уақытта салықтан жалтарып, қарақан басының қамын ойлаған миллардерлердің жер бетінде қаржысын жасыратын жері қалмауы мүмкін.
Нұрлан Жұмахан

Қытайдың Зимбабведе несі бар?

Қытай қара құрлықта орналасқан Зимбабвеге 950 млн. доллар көлемінде несие беретін болды. Мұны Зимбабвенің премьер-министрі Морган Тсвангираи мәлім етті.
Үлкен таластың арқасында билікк келген М. Тсвангираи осы айдың басында АҚШ пен Еуропа елдеріне іс-сапармен барып, ел экономикасын көтеру үшін жеңілдетілген несие тартуға әрекеттенген-ді. Нәтижесінде ол бірақатар елдерден 500 млн. доллар көлемінде несие алуға уағдаласып келген-ді. Премьердің тапқан қаржысы ел экономикасын толықтай аяғынан тік тұрғызуға жеткіліксіз. Мамандар Зимбабвенің азамат соғысынан әбден қираған инфрақұрылымын қалыпқа келтіру үшін ондаған миллиард доллар керек деп отыр. Қазіргі таңда елдегі жұмыссыздардың үлесі жалпы халықтың 90 пайызын құраған. Азамат соғысынан әбден жапа шеккен елдегі инфляция деңгей қазіргі таңда рекордтық деңгейге жетіп отыр. 2006 жылы Зимбабве билігі Қытайдан 2 млрд. доллар көлемінде несие сұрап, ала алмаған-ды. Бұл жолы аспан асты елінің жомарттығы ұстап, Зимбабвеге 1 млрд. доллар беріп отыр. Мұның астарында қандай сыр жатқаны алдағы уақытта белгілі болып қалуы мүмкін.
Нурлан ЖУМАХАН