среда, 8 июля 2009 г.

Қырғызстандағы президенттік сайлау

Бүгінде Қырғызстандағы президент сайлауына үгiт-насихат жұмысы қызу жүріп жатыр. Президент орынтағына үмiткерлер қатары әу баста 22 адамды құраса, ресми тiркеу мен заң талаптарына сәйкес (мемлекеттiк тiлден сынақ, қолдаушы 50 мың адамның қолы және т.б.) барысында Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы 6 кандидатты ғана ресми додаға жiбердi. Олардың қатарында қазiргi кездегi мемлекет басшысы Құрманбек Бакиев, бiрiккен қырғыз оппозициясының өкiлi Алмазбек Атамбаев, белгiлi нарколог-дәрiгер Женишбек Назаралиев, «Ақ Шумкар» партиясының төрағасы Темiр Сариев, «Жомарт» патриоттық қозғалысының көшбасшысы Нұрлан Мотуев және жалғыз әйел үмiткер, құқық қорғаушы Тоқтайым Үметалиева бар. Осы ретте ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стартегиялық зерттеулер институтының мамыны, саясаттанушы Алмас Арзықұлов жолығып, көрші елде болатын сайлау жайында пікірлесіп едік.


- Қырғызстанда Президент сайлауының үгіт-насихат жұмыстары ресми түрде басталды. Саяси бәсекеде қайсы үміткердің бағы жануы мүмкін? Жалпы көрші елдегі сайлаудың сипаты қай бағытта өрбуі мүмкін?
- Сайлау нәтижесi мен саяси бәсекеде кiмнiң жеңiске жететiнi қырғыз елiндегi билiкке таластың өзiндiк ерекшелiгiн көрсетiп бертіні анық. Сондықтан бұл ретті істің ақырын күткен абзал. Ал сайлауда кімнің бағы жанады деген сұраққа тұспалдап жауап беруге болады. Қырғызстандағы әріптестеріміз президент сайлауында Құрманбек Бакиевтiң жеңiске жететiнiне күдік келтіріп отырған жоқ. Мұны өзге үмiткерлер де жақсы түсінеді. Олардың бұл сайлаудағы негізгі мақсаты – дауыс жинау жағынан екiншi орынды иемдену болып отыр. Соған қарамастан, олар «жанр заңы бойынша» қазiргi таңдағы халықтың үмiткерi мен таңдауы өздерi екендiгiн талмай айтуда. Бұл жолғы сайлаудың тағы бiр ерекшелiгi Қ.Бакиевтiң екiншi мерзiмге сайлануынан кейiн, билiкке таластың тоқтамай, белең алтындығында. Президент сайлауынан кейiн Қырғызтанды парламент сайлауы күтiп тұр. Жоғарғы Кенеште басымдылықты иемденген президенттiң «Ақ Жол» өзiнiң мүмкiндiгiн толығымен сарқып болды. Президенттiк сайлауда екiншi орынға табан тiреген үмiткер болашақ парламентке өзiнiң партиясын (немесе өзi басқаратын қозғалысты) «тартуына» мүмкiндiк алады.
Тағы бiр айта кететiн жайт, Қ. Бакиевтiң денсаулығына қатысты мәселе. Президент бұл мәселеге қатысты әңгiмелердi жоққа шығарғанына қарамастан, бұл тақырып қырғыз қоғамында қызу талықылануда. Сол себептi Қ. Бакиев мерзiмiнен бұрын президент сайлауын өткiзiп, өз мұрагерiн қалдыруға асығып отыр деген сыбыс бүкiл елдi кезiп жүр.
- Мұрагер ретінде кімдердің аты аталып жүр?
- Қазіргі таңда Қырғызстанда Қ. Бакиевтің мұрагері ретінде бірнеше туған-туысқандарының аты аталады. Олар Президент күзетi қызметiнiң қазiргi төрағасы Жаныш Бакиев (көзiнiң түсiне қарай қырғыз саясатының сұр кардиналы және елдiң нақты билеушiсi деп айтылады) пен мемлекет басшысының тағы бiр бауыры, Германиядағы қырғыз елшiсi – Марат Бакиевтiң есiмiн ерекше атап өтуге болады. Президент сайлауында мемлекет басшысының қолдау штабын басқарып отырған ұлы – Максим Бакиевтің де ел басқарудан дәмесі бар. Қырғызстанда М. Бакиев пен Ж. Бакиевтiң мемлекет басшысына ықпал жайында аңызға бергiсiз әңгiмелер айтылады. Қазiр Бакиевтер бiр саяси мақсат үшiн еңбек етуде. Әзірше билік үшін талас басталған жоқ. Жалпы бұл жағдайдан Бакиевтер әулетiнiң алдағы уақытта билiктi уысынан шығармайтынын аңғаруға болады.
- Президент сайлауына қайта оралсақ. Қазіргі таңда қырғыз қоғамында саяси бәсекеде екінші орынға оппозицияның Бiрiккен халық қозғалысы кандидаты Алмазбек Атамбаевтың бағы жанады-мыс деген жорамал айтылуды. Сіздің ойыңызша, А. Атамбаевтың мүмкіндігі қаншалықты?
- Иә, көптеген сарапшылар мен саясаткерлер екінші орынға Бiрiккен халық қозғалысы (БХҚ) атынан түскен үмiткер Алмазбек Атамбаевқа бұйыратындығын айтуда. А. Атамбаев өз бақылауындағы БАҚ арқылы президент тобына көп қиындықтар туғызуы мүмкiн. Осы ретте А. Атамбаевтың беделiне дақ түсiретiн бiр жайт бар екенін айта кетуіміз керек. Оның халық алдындағы басты айыбы Қ. Бакиев билiкке келгенде «техникалық премьер» рөлiн ойнағаны болып тұр. Бұл жағдай соңғы төңкерiстiң алдындағы 2007 жылдың көктемде Қ. Бакиевтiң билiктен кетуiн талап еткен оппозиция мен билiктiң текетiресi кезеңiнде орын алған болатын. Мiне, осы кезеңде А. Атамбаев өзiнiң жақтастарын таң қалдырып (қырғыз истеблишментi үшiн қалыпты жағдай) премьер орындығында 8 ай отырғаны есiмiзде. Осылайша, А. Атамбаев билiкпен келiсiмге келетiн иiлгiштiгiн байқатып алды. Мұны ескерген электораттың бiраз бөлiгi сайлауда оппозициялық үмiткерге дауыс бермеуi мүмкiн. Оның үстiне қарапайым халықтың төңкерiстен әбден шаршаған. Қазiргі таңда қырғыздардың оппозицияның радикалды шараларына қатысты көзқарасы өзгерген деуге толық негіз бар.
Сонымен қатар, Атамбаевты бiрiккен оппозицияның бiр ғана өкiлi деп тану қателiк. Өйткенi, БХҚ-нан бөлiнiп шыққан «Ақ Шумкар» партиясының төрағасы Темiр Сариев жеке үмiткер ретiнде тiркелген. Әрине, қырғыз оппозициясы өзiнiң әлсiздiгi мен халық арасындағы беделiнiң жоқтығын мойындайды. Сондықтан да, сайлау басталмастан оппозиция доданың заңсыз, бұрмалау арқылы өтетiндiгiн жариялап қойды. Қ. Бакиевтiң тек 20 пайыз дауысқа ие болатындығын жар салды.
Бiрiккен оппозицияның атынан сайлауға түсiп отырған А. Атамбаевтың кандидатурасы тиiмсiз екендiгiн саясаткерлер сайлау науқанының басында-ақ айтқан болтын. Сайлау науқанына қажеттi қаржының табылмауы қырғыз оппозициясының негiзгi кемшiлiктерiнiң бiрi. Сондықтан бұл шараға қаржы тапқан А. Атамбаев бiрлескен оппозиция атынан үмiткер деп танылды. Бұл қаржыны А. Атамбаев өзiнiң кәсiбi бар Түркиядан тауыпты-мыс. Ал шын мәнiнде сайлауға қажеттi қаржының қайдан және қандай шартпен алынғаны туралы нақты дерек жоқ. Қаржының аяқ астынан және Қ. Бакиевке қарсы оппозиция үшiн табылғандығын ескерсек, Манас әуе жайындағы АҚШ әскери әуе базасы туралы мәселе ерiксiз есiңiзге түсе бередi.
- Қырғыз билігінің АҚШ әскерилерін «Манас» әуежайынан қууы елдің геосаяси жағына бірқатар өзгерістер әкелгені белгілі. Президенттік сайлау барысында Ақ үйдің саяси технологтары қарап жатпайтыны анық. Осы ретте Президенттік сайлаудың қырғыздар үшін геосаяси мәні қаншалықты?
- «Манас» әуежайындағы АҚШ-тың әскер әуе базасына қатысты мәселе Бiшкектiң Мәскеу мен Вашингтон арасындағы Азияға ықпал мен Қырғызтандағы президент сайлауына жаңаша реңк беретiнiн басы ашық әңгіме. Бұл жағдай ресми Бiшкектiң халықаралық сахнадағы орнын анықтағанмен, iшкi жағдайға керiсiнше әсер етуi мүмкiн. Өйткенi, президент орынтағына үмiткерлер сыртқы саясаттағы бұл жағдайды өздерiнiң сайлау науқандарында тиiмдi пайдалануға тырысатына белгiлi. Әсiресе, оппозиция атынан сайлауға түсiп отырған А. Атамбаев үшiн тиiмдi. Бұл сайлауда Қ. Бакиевтің жеңіске жететінін айттық қой. Дегенмен соңғы жылдары көрші елдің саяси өмірінде түрлі оқиғалар орын алды. Оның бір ұшы геосаяси жағдайларға барып тірелетіні айтпасада түсінікті. Мұны жақсы білетін қырғыз билігі сақтық шараларында ұмытпағанын айта кеткеніміз жөн. Саяси үрдiстер көрсетiп отырғанындай, жазда саяси белсендiлiктiң төмендейдi. Сол себептi қырғыз билiгi сайлауды шiлде айына әдейі белгiлді. Ал күзде әлеуметтiк шиеленiстiктер мен қаржы дағдарысы Қырғызстанды түрлi қиындықтарға тап қылуы мүмкiн. Қырғыз оппозициясы осы кезеңдi тиiмдi пайдалануы мүмкiн (бұл кезең парламент сайлауына тұса-түс келуi мүмкiн). Ал бұл кезде Қ. Бакиев сөзсіз сыртқы саясаттағы «жетiстiгiн» немесе 1 тамыздан зейнетақыны 50 пайызға көтергенiн бұлдап шыға келеді.
- Қырғыз оппазициясының қырық құбылатын жақсы білеміз. Оппозиция билікпен тағыда ауыз жаласып кетпей ма?
- Соңғы жылдары қырғыз оппозициясы кiмнiң билiкке сатылғандығы туралы таластан қолдары босамай келе жатқаны белгілі. А. Атамбаев осыдан екi жыл бұрын бар бәленi өзiнiң әрiпетесi Фелекс Куловқа артты. Ал қазiргi бiрiккен оппозияция «қашқын» Т. Сариевтi жамандауға кiрiскен. Ал, шын мәнiнде қырғыз оппозициясының кез-келген басшысы Қ. Бакиевтiң өзiне «сөз салып», артынан «мемлекеттiк астауға» шақыратынынан дәмелi. Бұл қырғыз истеблишментiнiң (тек қана қырғыз ғана емес...) өзiндiк ерекшелiгi. Оппозиция арасында А. Атамбаевқа нақты бәсекелес болатын жалғыз адам – ол Женшбек Назаралиев. Бұл үмiткер бұрындары мансапты орындарда отырмағандықтан, билiкпен де, оппозициямен де байланысы жоқ. Сондықтан да, ол өзiнiң электоратын қырғыз қоғамындағы саясатпен ауырмаған топтары (егер де ондайлар табылса) арасынан iздейдi. Ал Қ. Бакиев командасы өздерiнiң негiзгi қарсыласы болуы мүмкiн Атамбаев-Назаралиев-Сариев үштiгiн өзара қырқыстыру арқылы өздерiне жол ашуы мүмкiн.
Саяси сарапшылар бұл сайлаудың сөз жүзiнде ғана өтетiндiгiне сенiмдi. Мәселен, сайлау нәтижесi мен кiмнiң жеңiске жететiндiгенде ғана емес. Мемлекет басшысын сайлауға қатысты бұл науқанның ерекшелiгi – оның үмiткерлерiнiң құрамының әр түрлiлiгi, өйткенi олардың iшiнде өзiндiк, жеке мақсаттарды көздегендер бар. Өкiнiштiсi ел iшiндегi объективтi саяси жағдайға сай сұрыпталып шыққан үмiткер жоқ деуге болады.
Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН

1 комментарий:

Анонимный комментирует...

Бұл Майо клиникасының көпшілікке арналған жарияланымы және біз бүйрек сатып алуға мүдделіміз, егер сіз бүйректі сатқыңыз келсе, төмендегі мекен-жай бойынша бізбен тікелей байланысыңыз.
mayocareclinic@gmail.com
Ескерту: Бұл қауіпсіз транзакция және сіздің қауіпсіздігіңізге кепілдік беріледі.
Қосымша ақпарат алу үшін бізге электрондық пошта хабарламасын жіберіңіз.